Астаналық "Барыс" хоккей клубы өз мұз айдынында Нижний Новгородтың "Торпедо" командасымен кездесіп, Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынында жеңіліске ұшырады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Михаил Кравец бұл кездесуге келесі құрамды шығарды: Шил (Шутов) – Уотерспун, Уолш; Симонов, Морелли, Веккьоне; Масси, Данияр; Галимов, Томпсон, Савицкий; Маккошен, Бреус; Мухаметов, Шайхмедденов, Қайыржан; Гайтамиров, Логвин, Омирбеков, Панюков.
Бірінші кезеңде алаң иелері белсенді ойнап, Кирилл Панюков пен Райли Уолштың соққыларының арқасында екі шайба соқты. Қонақтар бір голмен жауап қайтарды.
Екінші кезеңде ресейлік хоккейшілер есепті теңестіріп, алға шықты. Семен Симонов таразы басын қайта теңестіргенімен, көп ұзамай "Барыс" тағы екі шайба өткізіп алды. Осыдан кейін қақпашы Адам Шилды Андрей Шутов алмастырды.
Соңғы жиырма минутта "Торпедо" өз артықшылығын сақтап, матчты 5:3 есебімен аяқтады. Осылайша, "Барыс" қатарынан бесінші рет жеңіліс тапты.
Келесі ойында астаналық команда 14 қазанда өз айдынында "Сібір" (Новосибирск) клубын қабылдайды.