Шерзат Полат ісі бойынша бас қорғаушы Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовтың үйінің өртенуіне қатысты тың мәлімдеме жасады.
Сот процесінен кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген Мейірман Шекеев көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сауалдарға тоқталды. Оның айтуынша, Қаржаубай Нұрымовтың өртенген үйіне байланысты қылмыстық іс әлі де тергеу сатысында.
“Қазіргі таңда бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Қаржаубайдың үйіне барғанда іс бойынша хаттамамен толық таныстым. Келіспейтін тұстары болды. Алайда сол кезде Шерзаттың ісімен айналысып жүргендіктен, екі істі қатар ала алмадым”, – деді адвокат.
Сонымен қатар Қаржаубай Нұрымовтың сөзіне сүйене отырып, Шекеев Ресейге спутниктен қарау туралы арнайы сұраныс жолданғанын мәлімдеді. Бұл үйдің өртенуіне қатысты дәлелдерді нақтылау мақсатында жасалып отырған шара екені түсіндірілді.
“Сондықтан бұл іс әлі жабылған жоқ”, – деп түйіндеді Мейірман Шекеев.