Орта салмақтағы екі әлем чемпионы – қазақ Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) мен кубалық Эрисланди Лара (31-3-3, 19 KO) арасындағы жекпе-жектің өтетін уақыты мен орны ресми түрде жарияланды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Журналист Дэн Рафаэльдің мәліметінше, бұл кездесу 6 желтоқсан күні АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында орналасқан Frost Bank Center аренасында өтеді.
Бұл айқас орта салмақтағы WBO, IBF және WBA тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулер үшін ұйымдастырылмақ және ол PBC PPV бокс кешінің бірлескен басты жекпе-жегі (co-main event) болады.
Ал кештің басты айқасында мексикалық Айзек Крус (28-3-1, 18 KO) пен америкалық Ламонт Роуч-кіші (25-1-2, 10 KO) өзара WBC тұжырымының уақытша чемпионы атағын сарапқа салады.
Қазақстан уақыты бойынша жекпе-жек 7 желтоқсан таңертең өтеді.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы соңғы кездесуін биыл сәуір айында Астанада өткізіп, бесінші раундта француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгуді (14-1, 9 KO) нокаутпен жеңген болатын.