Boxingnews24.com сайтының тұрақты авторларының бірі Шон Джонс орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің Сауль "Канело" Альвареспен өткен алғашқы екі жекпе-жегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Головкин мен Альварестің алғашқы кездесуі 2017 жылы өтіп, тең нәтижемен аяқталған болатын. Екінші айқас бір жылдан кейін, яғни 2018 жылы өтті. Бұл жолы "Канело" төрешілер шешімімен жеңімпаз деп танылды. Ал трилогияның шешуші бөлімі тек 2022 жылы ұйымдастырылып, мексикалық боксшы бір ауыздан қабылданған шешіммен жеңіске жеткен еді.
Шон Джонстың пікірінше, алғашқы екі жекпе-жекте төрешілер әділ шешім шығармаған.
"2017 жылдың 16 қыркүйегінде өткен алғашқы айқасты мұқият қараған көптеген жанкүйер Головкиннің сол кезде жеңіске лайық болғанын айтады. Сондай-ақ көпшілік 2018 жылғы екінші жекпе-жекте де Головкиннің үстем болғанын, әсіресе соңғы раундтарда белсенділігін арттырып, ал мексикалық боксшының шаршап қалғанын атап өтеді", — делінген мақалада.