«Көлігінің кілтін қалдырды»: Мұқағалиды балағаттаған блогерді ақынның ұлы кешірді

16 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Orda.kz

Алматы қаласында аты аңызға айналған ақын Мұқағали Мақатаевты қорлаған блогер Әлішер Теменовке қатысты қылмыстық іс тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.

16 маусым күні Наурызбай аудандық сотында өткен процесте жәбірленуші тарап – ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев блогерді кешіретінін мәлімдеп, істің жабылуын сұрады. Бұған дейін Мақатаев блогерден моральдық өтемақы ретінде он миллион теңге талап еткен болатын.

Сот барысында Әлішер Теменов өз кінәсін толық мойындап, халық пен Мұқағалидың ұлынан кешірім сұрады. Ол келісім аясында:

Қолма-қол екі миллион теңге беріп,

Қалған үш миллион теңгені кейін беруге уәде етіп,

Көлігінің кілтін кепілге қалдырды.

Судья Бейнекүл Қайсина тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды, алайда «ешқайда кетпеу» және «тиісті мінез-құлық» туралы қолхат күшінде қалды.

Блогердің бейнежазбамен кешірім сұрауға уәдесі

Сот шешімінен бөлек, блогер Теменов әлеуметтік желіде бүкіл қазақ халқынан кешірім сұрап, бейнежазба жариялауға міндеттелді. Ол Мұқағалиды қорлаған сөзі үшін өкініп, бұл жағдайдан сабақ алғанын айтты.