WBO және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтанов оның тарихи айқасқа келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Ассалаумағалейкум, "Qazaq Style" жанкүйерлері! Біз орта салмақты дүр сілкіндіретін, барша қазақ көптен күткен тарихи жекпе-жекке келісімшартқа қол қойдық. Алла қаласа, алдағы күндері промоутерлік компаниялар ресми хабар жасайды. Бізді ұлы шоу күтіп тұр", – деді Берік Сұлтанов Instagram парақшасында.
Ол бұл кездесуді орта салмақтағы төрт белдіктің бәрін біріктіруге бағытталған жолдың бастамасы деп атап өтті.
"Біздің мақсатымыз – орта салмақтағы төрт титулды түгел жинау. Алла қаласа, тарих жазатын күн де алыс емес. Біз аянбай еңбек етіп келеміз, жақын арада соның нәтижесін көреміз", – деді ол.
Дегенмен Берік Сұлтанов жекпе-жектің егжей-тегжейін ашқан жоқ. Бұған дейін Жәнібек Әлімханұлы айқастың "даулы және ауқымды" болатынын айтқан болатын. Алайда әзірге оның қарсыласы нақты белгісіз – бұл WBC тұжырымының чемпионы Карлос Адамеске қарсы айқас па, әлде WBA чемпионы Эрисланди Ларамен кездесу ме – әзірге анық емес.