Танымал комментатор Айдар Махметов өзбек боксшысы Баходир Жалоловтың кәсіби рингтен кетіп, Олимпиададағы үшінші алтын үшін әуесқой боксқа қайта оралуы мүмкін деген әңгімеге пікір білдіріп, Айбек Оралбайды оған лайықты қарсылас деп атады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Айдар Махметов бұл нұсқаның шындыққа жанасуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен, оның пікірінше, соңғы уақытта жұдырықтасу қарқыны баяулаған Жалолов бұрынғыдай керемет өнер көрсете алмайды.
"Мұндай жағдай шын мәнінде болуы мүмкін. Бірақ мәселе мынада – қазіргі бабы мен жылдамдығында Жалолов соңғы жылдардағыдай деңгейде өнер көрсете алмайды", – деді сарапшы.
Махметовтің айтуынша, Жалолов әуесқой бокстан кеткеннен кейін осы аралықта бірнеше мықты аса ауыр салмақтағы спортшылар шықты. Солардың бірі – қазақ боксшысы Айбек Оралбай.
"Егер олар дәл қазір жұдырықтасса, мен олардың жеңіске деген мүмкіндігін 50 де 50 деп бағалар едім. Ал уақыт өте келе Айбектің мүмкіндігі тек арта түседі", – деді Айдар Махметов.