Футболда көпшілік көзге сұрмерген шабуылшылар, өз ойын өрнегі арқылы матчтың тағдырын шешетін сайыпқырандар түседі. Қалың көпшіліктің назары соған ауады. Бірақ кейде команданың тұрақтылығы мен жеңісінің артында үнсіз ғана еңбек етіп жүрген нағыз қаһармандар тұрады. "Қайрат" клубының биылғы жетістігінің басты себепкері қақпашылар шеберханасының иесі Илья Юров айтуға болады. Осыған байланысты Sportinside.kz тілшісі қақпашылар бапкері туралы арнайы мақала даярлады.
"Қайраттың" қайраттанып тұрған шағы
Илья Юров – аты аңызға айналған алматылық "Қайраттың" төл перзенті. Ол ойыншы ретінде команданың намысын 93 матчта қорғап, клуб тарихына өз атын жазып қалдырды. 2004 жылы Қазақстан чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, 2001 және 2003 жылдары ел кубогының иегері атанған.
Сол кездері Юров – сенімді, сабырлы және тактикалық ойлауы жоғары қақпашы ретінде танылды. Қақпадағы салқынқандылығы мен ойынды сезіну қабілеті оны өз дәуірінің үздік қақпашыларының қатарына қосты.
Қақпашылар шеберханасы
2019 жылдан бері Юров "Қайраттың" жаттықтырушылық құрамында еңбек етіп келеді. Қақпашылардың жеке дайындығын жетілдіру, реакция мен позициялық ойынға назар аудару – оның күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Соңғы жылдары алматылық команданың негізгі құрамында жарқ етіп көрінген Александр Заруцкий, Темірлан Анарбеков, Шерхан Қалмұрзаның жетістіктерінің артында дәл осы Илья Юровтың еңбегі жатыр.
Александр, Темірлан, Шерхан – Юров мектебінің түлегі
Биыл "Қайрат" Еуропа сахнасында сенсациялық жеңістерге жеткенде, көпшілік клубтың шабуылын емес, қақпашылардың ерлігін атап өтті. Әсіресе Темірлан Анарбековтің "Селтикке" қарсы матчта үш бірдей пенальтиді қайтарып, команданы тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарды.
Сол сәтте бапкер Юровтың көзіндегі мақтаныш бәрінен де айқын еді. Өйткені дәл осы Темірлан оның көп жылғы еңбегінің жемісі болатын.
Шерхан Қалмұрза мен Александр Заруцкий де Юровтың жүйесі арқылы өскен дарындар. Бапкер олардың техникасын ғана емес, психологиялық тұрақтылығын да қалыптастырған.
"Қақпашының басты қарсыласы – үрей мен қысым", – дейді Илья Юров.
"Қайраттың" болашағына қосқан үлесі
Бүгінде Илья Юров "Қайраттың" бапкерлік штабының сенімді мүшесі. Ол тек дайын ойыншылармен емес, академиядағы жас қақпашылармен де белсенді жұмыс істейді. Оның жетекшілігімен "Қайрат" қақпашылар мектебі еліміздегі ең үздіктердің біріне айналды.
Илья Юровтың еңбегі көп айтылмайды, бірақ дәл оның арқасында "Қайраттың" қақпашылар тірегі темірдей берік, сенімді және сәт сайын дамып келеді.