"Ардақ Назаров хабарласып, кешірім сұрады": Депутат туралы шындық мәлім болды

Бүгін, 10:23 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/ardaknazarov. Суретте: Ардақ Назаров

Белгілі спорт журналисі Рауан Оқас депутат Ардақ Назаровтың "әлем чемпионымын" деген сөзіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Журналисттің айтуынша, ол Америкада өткен Назаровтың жекпе-жегінде жеңілгенін алғашқылардың бірі болып хабарлаған. Алайда спортшы кейін Facebook желісінде өзін жеңімпаз ретінде таныстырған.

"Өте ұят. Америкада өткен жекпе-жекте жеңілгенін алғаш болып жазғандардың бірімін. Сол жекпе-жекте жеңдім деп фейсбукке пост салған. Кейін менің жазбамды оқып, менің телефон номерімді тауып хабарласып, кешірім сұрағаны бар. Фб парақшасын мен жүргізбеймін, бауырларым жүргізеді, солардың қателігі деп жылы жапқан әңгімені. Мына сұхбатымда екі рет тең түскенмін, қалғанында бәрін жеңдім деп тұр", – деді журналист.

Рауан Оқас Назаровтың "екі рет тең түстім, қалғанының бәрін жеңдім" деген мәлімдемесіне де күмән келтірді.

"Ардақ ағамыз жеке ойым ешқандай да әлем чемпионы емес. Әртүрлі клубтар ол кезде белдіктер шығарып, соны сарапқа салатын. Ортаңқол спортшыны жеңіп, чемпионмен деп айтатын болған. Мысалға олай есептейтін болсақ, Қуат Найман 4 дүркін, Сабыржан Махметов 8 дүркін чемпион болады. Алғаш болып Американы бағындырдым дегені өте ұят, UFC болмаса да, орташа бір лигаға барып, контрактіге отырса бірсәрі. Бұл кісі виза алып, жертөледе 200-300 долларға төбелесіп келуі де мүмкін ғой. Ол кезде қазіргідей ютуб жоқ, әлеуметтік желілер дамымаған заман. Сондықтан ешқандай дәлел жоқ болған соң, қарапайым жұртшылық батыры кім, чемпионы кім екенін анықтай алмайтын. Ардақ Назар сол кезде хайп қуып, телеарналарға сұхбат беру арқылы танылды. Әйтпесе Ардақтан бұрын Дәнеш ағаларымыз болды ғой. Ардақ Назаров қасына талантты боецтерді жинады бір кездері. Бірақ олардың көбі сол күйі потенциалдарын толық аша алмай кетті. Басқа клубтардан сұраныс болса да, Ардақ оларды нықтап ұстады. Қазір көбі қара жұмыс істеп жүр. Тек өзінің туған бауыры Бейбітті батыр жасағысы келді. Өзі ұйымдастырған жекпе-жек кештерінің соңғы бойларына Бейбітті шығаратын. Оны да псевдо әлем чемпионы жасады. Алматыдағы бес раундқа созылуы тиіс жекпе-жекте інісі үшінші раундта есе жіберіп жатқанда, рефери жекпе-жек аяқталды деп, Бейбіттің қолын көтерген сәтті де шырылдап жазғаным бар. Сосын Ардақтың өзі елімізде публика алдында төбелеспейтін, тек выездной жекпе-жектер өткізетін, жеңгенін ғана салатын, жеңілген сәттері де бірнеше болуы мүмкін. Өз-өзін сүйетін жан, ауылына жасаған жақсылықтары жоқтың қасы, сөйте тұра халықтың ықыласымен депутат болып сайланды", – деп жазды ол.

Тэгтер:

депутат Ардақ Назаров Рауан Оқас