Қазақ боксшысы Назым Қызайбай әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап беріп, болашақта саясатқа араласу туралы ойын ашық айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жанкүйерлердің бірі спортшыдан: "Болашақта депутат болғыңыз келе ме?" – деп сұраған.
Назым бұл сұраққа анық жауап берді:
"Болашақта депутат боламын ба деген сұраққа айтарым – мен өз болашағымды спортпен байланыстырамын. Себебі мен спортты шын жүрегіммен жақсы көремін, ол – өмірімнің ажырамас бөлігі. Мен әрдайым жақсы білетін және жүрегіммен түсінетін іспен айналысқым келеді. Мен үшін саясаттан гөрі еңбегіммен, табандылығыммен және тәрбиеммен үлгі болу маңызды. Сондықтан өз саламда дамып, қоғамға пайдасы тиетін нағыз кәсіби маман болғым келеді", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Айта кетейік, әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай – Қазақстан тарихындағы ең табысты боксшы қыз. Оның жетістіктерінің қатарында 2024 жылғы Олимпиаданың қола медалі және әлем чемпионаттарындағы үш алтын жүлде бар.