Сүйінші, ағайын! Темірлан Анарбеков ерекше сыйлықтың иесі атанды

Сүйінші, ағайын! Темірлан Анарбеков ерекше сыйлықтың иесі атанды

фото: instagram.com/f.c.kairat. Суретте: Темірлан Анарбеков

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі талантты жас спортшыларды қолдау дәстүрін жалғастырып, "Қайрат" футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбековке де білім грантын табыстады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Бүгін министрлікте өткен кездесуде Қазақ спорт және туризм академиясының ректорлық гранты клубтың тағы бір қақпашысы, екінші курс студенті Шерхан Қалмұрзаға берілген болатын. Министр Саясат Нұрбек футбол – командалық еңбек екенін айта келе, барлық жас спортшыларға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

"Бұл жігіттер – еліміздің мақтанышы. Олар "Қайрат" командасының Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы үшін барын салды. Өкінішке қарай, алдағы ойындарға дайындыққа байланысты марапатқа Темірлан мен Дастан қатыса алмады. Бірақ қуанышпен хабарлаймын: Темірлан Анарбеков 2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақ спорт және туризм академиясының студенті атанады. Ал 17 жастағы Дастан Сатпаевтың да жақында жоғары оқу орнына түсетініне сенім мол", – деді министр.

Айта кетсек, Темірлан Анарбековтің аты "Қайраттың" Чемпиондар лигасындағы тарихи жеңісінен кейін ерекше аталды. Ол сол ойында үш пенальтиді қайтарып, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген еді.

"Біз спортты дамытумен қатар, кәсіби спортшылардың сапалы білім алуына да баса мән береміз. Темірлан мен Шерхан – өз еңбегімен табысқа жеткен жастар. Олардың үлгісі басқа студенттерге де шабыт береді. Мақсатқа жету – табандылық пен еңбектің нәтижесі", – деп атап өтті Саясат Нұрбек.