фото: gov.kz. Суретте: Шерхан Қалмұрза мен Саясат Нұрбек
Жас қазақстандық қақпашы Шерхан Қалмұрза ел спортына қосқан үлесі мен ерекше жетістігі үшін Қазақ спорт және туризм академиясының ректорлық грантына ие болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек дарынды спортшымен арнайы кездесті. Кездесу барысында министр бұқаралық спортты дамытудың және жастарды сапалы біліммен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
"Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың дамуына айрықша мән береді. Президент өз сөзінде: "Балалардың амандығы, олардың денсаулығы және сапалы білім алуы – еліміздің келешегіне тікелей қатысы бар мәселе", – деген еді. Осы бағытта біз де жастарды жан-жақты қолдап, олардың әлеуетін ашуға және еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға жағдай жасап келеміз. Сондай-ақ барлық спортшылар халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет екенін атап өткім келеді. Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда қалыптасуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі. Оны осы жетістігімен құттықтаймын және алдағы ойындарда сәттілік тілеймін", – деді Саясат Нұрбек.
Министр атап өткендей, бүгінде елде талантты жастардың жаңа буынын тәрбиелеу мен қолдау бағытында нақты қадамдар жасалуда. Осыған орай, ақылы бөлімде білім алып жүрген Шерхан Қалмұрзаға ректордың арнайы гранты табыс етілді. Бұл бастама – ел спортында жас дарындарға көрсетілетін қолдаудың айқын көрінісі.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орнының жас спортшылар мен студенттердің бастамаларын үнемі қолдайтынын айтты.
Өз кезегінде Шерхан Қалмұрза көрсетілген құрмет пен сенім үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта Қазақстандағы футболдың дамуына өз үлесін қосуға ниетті екенін жеткізді.