Қазақ өнері орны толмас қазадан айырылды. Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова дүниеден өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі әншінің қазасына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты. Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі "Отырар сазы" фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті. Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды. Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек. Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз", –делінген хабарламада.
Майгүл Қазтұрғанова 1951 жылы Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Болашақ әнші Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән-хор факультетін (Н.Д. Юмашевтің жетекшілігімен) 1980 жылы тәмамдаған.
Ол шығармашылық жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі “Отырар сазы” фольклорлық-этнографиялық оркестрінде жеке әнші ретінде бастаған. Кейін Талдықорған облыстық филармониясының “Алтын дән” ансамблінде әнші болып қызмет етті.
1998 жылдан бастап Нұрғиса Тілендиев атындағы оркестрде соло әнші ретінде еңбек еткен.
Майгүл Қазтұрғанованың есімі халықаралық сахнада да танылды. 1994 жылы ол Пхеньянда өткен Дүниежүзілік фестивальдың жеңімпазы атанып, қазақ ән өнерін биік деңгейде танытты. Сонымен қатар, “Отырар сазы” оркестрімен бірге Ирак, Германия, Франция, Қытай, Түркия, Корея сынды елдерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетті насихаттады.
1995 жылы Майгүл Ибрагимқызына “Қазақстанның халық әртісі” құрметті атағы берілді.