Қазақ эстрадасында тағы да дау. Бұл жолы елдің сүйікті әншісі Қайрат Нұртас жас әнші Самат Жанғазиннің авторлық әнін рұқсатсыз орындап, даудың ортасында қалды. Саматтың айтуынша, «О махаббат ғажапсың» атты әннің авторлық құқығы өзінде тіркелген. Ол бұл туындыға уақытын, қаржысын, шығармашылық шабытын жұмсап, заңды түрде иемденгенін мәлімдеді.
«Қайрекең әнімді айнытпай, қаз-қалпында орындап жүр. Бір ауыз рұқсат сұрауға жарамады. Адамгершілік қайда?» – деп ашынып жазды ән авторы әлеуметтік желіде.
Ол Қайраттың тарапынан ешқандай келісім де, қарым-қатынас та болмағанын айтып отыр. Бұл әрекет – Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңына тікелей қайшы.
Құқықты елемеу – мәдениетті елемеу
Қайрат Нұртас – кәсіби шоу-бизнесте тәжірибесі мол, командасы мен заңгері бар танымал тұлға. Осындай деңгейдегі әншінің шығармашылық этика мен құқықтық нормаларды елемеуі – қоғам үшін де, сала үшін де үлкен сабақ.
«Қайрат заңды білмесе, жанында жүрген заңгерлері қайда қарап жүр? Әлде ‘маған бәрі рұқсат’ деген көзқарас па?» – деп сұрақ тастайды журналист Ербол Мәндібек өз парақшасында.
Батыс елдерінде мұндай әрекетке жол жоқ. АҚШ пен Еуропада авторлық құқық заңмен қатаң қорғалады. Ондағы әншілер мен продюсерлер кез келген туындыны қолданар алдында заңды тексеруден өткізіп, рұқсат алады. Себебі олар үшін абырой – ақшадан да жоғары.
Сотқа берсе не болмақ?
Егер Самат Жанғазин бұл істі сотқа жеткізсе, Қайрат Нұртас ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін. Авторлық құқық заңына сай, автор әннің заңсыз қолданылғаны үшін моральдық және материалдық өтемақы талап етуге толық құқылы.
Бұл жағдай – жас өнерпаздар үшін де, шоу-бизнес өкілдері үшін де сабақ болуы тиіс. Шығармашылық еңбекті құрметтеу – мәдениетті қоғамның белгісі.
Қайратқа үндеу: құрмет болса – дау тумас еді
Самат Жанғазиннің «О махаббат ғажапсың» әні бүгінде той-думандарда жиі орындалып, танымалдыққа ие. Бірақ оның шынайы иесі тиісті бағасын ала алмай отыр. Егер Қайрат Нұртас автордың еңбегіне лайықты құрмет танытып, келісімге келгенде, мұндай дау болмас еді.
«Ізіңнен ерген інілеріңе қазақы қалыппен құрмет көрсетсең, дәрежең өседі. Миллиондаған табыс тауып жатқан әніңнің ақысына лайық еңбегін берсеңші...» – деп түйіндеді өз ойын Ербол Мәндібек.