Алматыда өткен "Қайрат" пен "Реал Мадрид" арасындағы тарихи кездесуді көруге Өзбекстаннан арнайы келген жанкүйерлер алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Оқиға туралы Stan.kz агенттігі мәлімдеді. Ташкенттен келген әке мен бала армандаған матчқа кіру үшін 642 мың теңге (шамамен 1175 доллар) төлеп, жалған билет сатып алғандарын айтты.
"Біз билетті 1175 долларға алдық. Бірақ ол жалған болып шықты. Әлде біреу сол билетпен өтіп кетті ме, білмейміз. Ташкенттен арнайы ұшып келдік, бұл біз үшін арман матч болатын. ‘Реал’ Қазақстанға келеді дегенде қатты қуанып едік", – деді реніш білдірген жанкүйер.
Бұл оқиға әлеуметтік желіде кең талқыланып, қолданушылар өз өкініштерін білдірді. Көпшілік әке мен балаға қолдау көрсетіп, "Реал Мадридтің" келесі матчын көруге мүмкіндік берілсе жақсы болар еді деген пікір қалдырды.
Ал кейбір желі қолданушылары фейк билет сатушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу қажеттігін атап өтті.
"Жалған билеттерді сатқандарға нақты жаза қолдану керек. Барлығы пайда тапқысы келеді, бірақ адамдардың сенімін пайдалану — нағыз алаяқтық. Мұндай істер жазасыз қалмауы тиіс", – деп жазды beiba77 атты қолданушы.