Халықаралық Inside The Games порталы Нидерландтық функционер Борис ван дер Ворсттың World Boxing ұйымындағы президенттік кезеңінде болған даулар мен қаржылық қиындықтар туралы егжей-тегжейлі мәлімет жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
World Boxing ұйымының алғашқы президенті екінші мерзімге таласпайтынын мәлімдеді. Оның қызмет кезеңі ұйымдастырушылық бейберекеттікпен, даулы шешімдермен және қаржылық қиындықтармен есте қалды. Енді ұйым басшылығына үш беделді үміткер таласуда: бокс аңыздары Геннадий Головкин мен Владимир Кличко, сондай-ақ функционер Харис Мариолис.
Борис ван дер Ворст 2023 жылы Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) тарапынан мойындалмауы нәтижесінде құрылған World Boxing федерациясының алғашқы президенті болып сайланған еді. Оның басты мақсаты – Париж Олимпиадасынан кейін бокстың олимпиадалық мәртебесін сақтау болатын. Оның басшылығымен World Boxing құрамына 120-дан астам ұлттық федерация кіріп, ұйым ХОК тарапынан уақытша танылды. Бұл шешім 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада бағдарламасына бокстың енуін қамтамасыз етті.
Дегенмен, оның президенттік кезеңі жоғары деңгейдегі жанжалдармен есте қалды. 2025 жылдың мамырында World Boxing барлық қатысушылар үшін жыныстық сәйкестік тексерісін енгізді. Бұл шешім Олимпиада чемпионы Иман Хелифке қатысты дау туғызды, себебі ол тексеріссіз жарысқа қатысуға рұқсат ала алмады.
Ұйымның қаржылық жағдайы да алаңдатарлық. World Boxing өз жұмысын қаржыландыру үшін USA Boxing ұйымынан 250 мың доллар (212 мың еуро) қарыз алған, оны 2029 жылға дейін өтеу керек. 2025 жылғы ақпандағы аудит World Boxing ұйымын 2024 жылғы операциялар қорытындысы бойынша "қарызға батқан ұйым" деп сипаттаған.
Бірақ бірнеше апта өткен соң ХОК World Boxing ұйымына уақытша мәртебе берді. Бұл шешім ұзақ мерзімді коммерциялық келісімдерге сүйенген, оның ішінде Sting, Nike Boxing және жуырда құрылған нидерландтық Exceed Boxing компанияларымен жасалған келісімшарттар бар. Соңғы компания тәжірибесінің аздығына қатысты күмәндер болса да, Ван дер Ворст бұл мәмілені ұйымның тұрақтылығы үшін "маңызды келісім" деп атады.
Айта кетсек, бастапқыда Үндістанда өтеді деп жоспарланған World Boxing-тің дүниежүзілік конгресі енді Италияда өтеді. Дәл осы жиында ұйым президентін сайлау өтпек. Қазіргі таңда басты үміткер – Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы, ұйымның Олимпиадалық комиссия төрағасы Геннадий Головкин болып отыр.