Асу Алмабаевтан қашқан өзбек жауынгері UFC-ден шеттетілді

Бүгін, 14:41 / Ахмет Қанатұлы
ufc.com. Суретте: Рамазан Теміров

Өзбек спортшысы Рамазан Теміров UFC Антидопинг саясатын бұзғаны үшін бір жылға дисквалификацияланды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Рамазан Теміровтің сынамасынан тыйым салынған гормоналды және метаболикалық модуляторлар қатарына кіретін триметазидин анықталған.

UFC баспасөз қызметінің мәліметінше, спортшының бір жылдық шеттетілу мерзімі биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап есептеледі. Дәл осы күні ол уақытша жарыстардан аластатылған еді.

Бұған дейін Рамазан Теміров кінәсін мойындап, дәріні сырқатына байланысты дәрігер жазып бергенін дәлелдейтін құжаттарды көрсеткен. Сондай-ақ ол препаратты тек белгілі бір уақыт аралығында ғана қабылдағанын дәлелдей алған.

28 жастағы Теміров ММА ережелері бойынша өткізген жекпе-жектерінде 19 жеңіске жетіп, 3 рет жеңілген. 

Айта кетейік, Теміров Абу-Дабиде өтетін турнирде Асу Алмабаевпен октагонға шығуы тиіс еді. Алайда ол допинг-тесттен өте алмай, кездесу болмай қалды.

Тэгтер:

UFC Асу Алмабаев Рамазан Теміров