Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай мен Өзбекстан командасының көшбасшысы Жахонгир Зокиров World Boxing ұйымдастыратын Әлем кубогының финалдық кезеңіне қатысады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Финалдық кезең 17-22 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді.
"2025 жылғы олимпиадалық бокстың маусымы аяқталуға жақын. Алда тек қараша айында Үндістанда өтетін Әлем кубогының финалы қалды. Дәл сол жерде жылдың ең үздік боксшысы анықталады. Әлем кубогының үш кезеңі және тарихтағы алғашқы әлем чемпионатынан кейін әр салмақта кімнің үстем екенін болғанын білеміз. Әрине, барлық назар аса ауыр салмаққа ауған. Бұл дивизионда екі мықты боксшы маусым бойы барлық алтынды өзара бөлісті. Қазақ Айбек Оралбай Англияда өткен әлем чемпионатында және Астанадағы Әлем кубогында топ жарса, өзбек Жахонгир Зокиров Бразилия мен Польшадағы Әлем кубоктарының жеңімпазы атанды. Екі жетекші бокс елі жыл бойы жанкүйерлерге тартысты бәсекелестік сыйлады. Енді шешуші жекпе-жек Нью-Делиде өтеді. Қарашада қос боксшы тағы да рингке шығып, финалдық гонгтан кейін қай елдің туы желбірейтінін анықтайды: Қазақстан ба, әлде Өзбекстан ба?" – делінген World Boxing хабарламасында.
Еске салайық, Айбек Оралбай Ливерпульде (Англия) өткен әлем чемпионатының финалында Жахонгир Зокировпен кездесіп, жеңіске жеткен болатын. Бұл тарихи жеңіс Қазақстан құрамасына медаль кестесінде бірінші орынды қамтамасыз етіп, Өзбекстанды артта қалдырды.