Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлев бокстан әлем чемпионаты желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетінін хабарлады. Турнирдің жүлде қоры 10 миллион доллар болады, деп жазады Sportinside.kz.
ІВА президенті Умар Кремлев 2025 жылғы әлем чемпионатының өтетін жері мен мерзімін жариялады.
Бұған дейінгі ІВА ұйымдастыратын әлем чемпионаты 2023 жылы 30 сәуір мен 14 мамыр аралығында Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен болатын. Ол кезде турнирге 107 елден 538 спортшы қатысып, 13 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Жүлде қоры 5,2 миллион доллар болған.
Ал жаңадан ашылған World Boxing ұйымы қыркүйек айының басында тұңғыш рет ересектер арасындағы бокстан әлем чемпионатын ұйымдастырды. Бұл бәсекеде қазақ боксшылары 7 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте көш бастады.