"Қайрат" – "Реал" матчы: Қалайша қазақ жұрты әлем алдында ұятқа қалды?

Бүгін, 16:45 / Ахмет Қанатұлы
sportarena.kz

Кеше Орталық стадионда нағыз мереке болды. 123 жылдық тарихында алғаш рет "корольдік клуб" – "Реал" Қазақстанға келді. Сонымен қатар, Алматыда алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі ойын өтті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Sportarena.kz сайтының мәліметінше, футбол тұрғысынан алғанда, "Қайраттың" 0:5 есебімен жеңілуі ауыр соққы болғанымен, мәдени астана қуанышқа бөленді. Мыңдаған адам "Қайраттың" жалауларымен көшеге шықты, Алматы түніндегі көлік кептелісі, жанкүйерлердің айғай-шуы жерді сілкінткендей болды. Әлемдік футбол жұлдыздары Қазақстанға келіп, жергілікті жанкүйерлер Килиан Мбаппенің хет-тригін өз көзімен көрді. Қандай керемет эмоция!

Алайда мерекелік әсердің артында бірқатар проблемалар да анықталды. Бұл мәселелер БАҚ өкілдеріне де, жанкүйерлерге де, полиция қызметкерлеріне де, ұйымдастырушыларға да, стадион жұмысшыларына да қатысты.

Сұрақ туындайды: біз Еуропаның басты турнирінің матчтарын тұрақты түрде қабылдауға дайынбыз ба? Шындығында, идеалдан тым алыс екеніміз көрінді.

Ескі стадион

Алматының дәл орталығында орналасқан стадионның сапасы еуропалық стандарттарға мүлде сәйкес келмейді. Орын жетіспейді: жанкүйерлер де, БАҚ өкілдері де сыймай қалды. 

Ал зардап шеккендер – қарапайым адамдар. Бір тұрғын ойыннан кейін берген сұхбатында билет бола тұра, стадионға кіре алмағанын айтты. Себебі билет алмағандар күзет пен еріктілерді алдап өтпек болған. Мұндай мысалдар әлеуметтік желіде жетерлік. Бұны не десең болады? Басқа емес, ұйымдастырушылардың салақтығы дер едік.

Алып-сатарлар

Алып-сатарлар Қазақстандағы барлық ірі спорттық шаралардың бас ауруы саналады. Өкінішке қарай, бұл "дерттің" емі табылған жоқ, ал күресуге ешкім тырыспайды. Керісінше, олардың саны артып барады. 

Адамдар сенді, ал соңында стадионға кіре алмай, көңілдері құлазып қайтты. Тіпті осындай тарихи матчтан кейін де жанкүйерлердің жадында реніш пен ащы дәм қалды.

Интернет пен трансляция мәселесі

Матчты ресми түрде екі мемлекеттік арна – Qazsport және Qazaqstan көрсетті. Бірақ браузер арқылы трансляцияға қосылу көпшілікке мүмкін болмады. Экранда: "Плеер қолжетімсіз" деген жазу шықты. Мұндай жағдай бұрын да болған, тағы қайталанды…

Алматы түгел көруге тырысатынын біле тұра, неге алдын ала дайындық жасалмады? Қосымша ресурстар қосуға болмас па еді? Басқа арналарға да таратуға неге рұқсат бермеді? Теледидарға жете алмағандар ше? Олар сүйікті командасының ойынын қалай көруі керек еді? Әлі күнге дейін жауабы жоқ…

Қорытынды

Әркім өзі түйін жасайды. Бірақ көпшілігі мұны көріп, көңілсіз күйге түсті. Себебі біз көбіне өзімізді ғана ойлаймыз. Басқаның жағдайын ойламай, тек өзімізге ыңғайлы болсын дейміз. Осылайша жалғаса берсе, Алматы УЕФА алдында жаман атқа қалуы мүмкін. Әлеуметтік желіні олар да бақылап отырғаны анық.

Жалғыз жақсы жаңалық – "Қайрат" ойыншылары үлкен тәжірибе жинады. Алда оларды "Арсеналдың" Эмирейтсінде, "Интердің" Сан-Сиросында, алып ареналарда дүлдүл матчтар күтіп тұр. Халық командасы "Қайратқа" сәттілік тілейміз!

Тэгтер:

Қайрат стадион Чемпиондар лигасы Реал билет