"Бір жерім ашып тұр": "Реалдың" ойынын көру үшін ер адам көлігін билетке айырбастады (ВИДЕО)

Бүгін, 10:38 / Ахмет Қанатұлы
видеодан скриншот

Алматы тұрғыны, "Қайрат" клубының жанкүйері көптен күткен матчқа билет ала алмай, соңында көлігін билетке ауыстырғанын айтты, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Оның сөзінше, бастапқыда ресми сатылымнан билет үлгермей қалған. Кейін делдалдардан алмақ болғанда, бағасы тым қымбат болып шыққан.

"Билет үшін 1 миллион теңге сұрады. Ондай ақшам болмағандықтан, көлігімді айырбастайын дедім. BMW машинамды беріп, орнына билет алдым. Өкінемін, ішім ашып тұр", – деді ол.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Көптеген қолданушылар жанкүйердің қадамын құптамады.

"Қате ғой", "Топас", "Обалың жоқ", "Футбол түсінбейтіндер осындай болады", – деген пікірлер жазылды.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі екінші ойында "Қайрат" Мадридтің "Реалынан" 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Испаниялық клуб сапынан Килиан Мбаппе хет-трик жасап, Браим Диас пен Эдуардо Камавинга бір-бірден гол соқты.

Алматылықтар алдағы турларда Кипрдің "Пафос", Италияның "Интер", Данияның "Копенгаген", Грекияның "Олимпиакос", Бельгияның "Брюгге" және Англияның "Арсенал" клубтарына қарсы ойнайды. Бұл "Қайратты" әлі талай сын күтіп тұрғанын аңғартады.

Тэгтер:

Қайрат Чемпиондар лигасы Реал билет