Жақында Қазақстанға келген атақты кубалық боксшы, әлемнің танымал чемпиондарының бірі Марио Кинделан сапарының мақсаты жайлы айтып, ел жайлы әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
– Марио, сіз қазір Қазақстанға келдіңіз. Сапарыңыздың мақсаты қандай және мұнда немен айналысып жатырсыз?
– Иә, қазір мен Қазақстандамын, Қарағанды қаласындамын. Бұл жерге Букетов атындағы университеттің шақыруымен келдім. Әзірге бір айға келісімшартқа отырдық. Мұнда жүргеніме өте қуаныштымын, бірақ қанша уақыт болатынымды білмеймін. Қазіргі уақытта бокс үйретіп, жаттығулар өткіземін, шеберлік сабақтарын беремін және конференцияларға қатысамын.
– Қазақстан сізге ұнай ма, ұзақ уақытқа қалуды ойлайсыз ба?
– Иә, мұнда болғаныма қуаныштымын. Қазақстанда қонақжай, білімді адамдар тұрады. Сонымен қатар олар Кубаны да өте жақсы көреді.
Айта кетейік, Марио Кинделан тарихтағы ең мықты әуесқой боксшылардың бірі саналады: ол екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған, әлем чемпионаттарында үш рет алтын жеңіп алған. Қатысқан барлық ірі жарыстарда топ жарған, тек Астанада өткен Әлем кубогында ғана қазақстандық Руслан Мусиновтан жеңілген.