Сумодан 45 чемпиондық титулдың иегері Хакухо Сё Қазақстанға келді (ВИДЕО)

24 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінде әйгілі сумо шебері, 69-шы ёкодзуна Хакухо Сёні қабылдады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Кездесу барысында тараптар мәдени және спорттық байланыстардың маңызына тоқталып, дәстүрлі спорт түрлері, соның ішінде сумоның елдер арасындағы достықты нығайтудағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ бұл спорттың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы әлеуеті ерекше атап өтілді.

Әңгіме кезінде қазіргі заманғы спорт қозғалысындағы сумоның орнына да назар аударылды. Қазіргі таңда бұл спорт түрі Дүниежүзілік ойындар халықаралық қауымдастығының (IWGA) бағдарламасына енгізіліп, Олимпиада ойындарына қосылуға жақындап келеді.

Сонымен қатар әлем бойынша сумоның даму қарқыны сөз болды. Бүгінде шамамен 85 ұлттық федерация осы спортпен айналысады, ал жанкүйерлердің қатары жылдан-жылға артып келеді.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты жалғастыруға және нақты жобаларды спорт ұйымдарының күнтізбесіне сәйкес іске асыруға дайын екендерін білдірді.

Айта кетсек, Хакухо Сё (шын есімі – Мунхбатын Даваажаргал) – сумо тарихындағы ең даңқты балуан. Ол 45 рет чемпион атанып, 2021 жылы спорттық мансабын аяқтады. Қазіргі уақытта Жапония азаматтығын алып, «Миягино-бэя» сумо мектебін басқарып келеді.

Тэгтер:

Хакухо Сё сумо