Өзбекстан боксының жұлдызы Баходир Жалолов кәсіпқой бокста жолы болмай, Олимпиадада үшінші рет жеңіске жету мақсатында әуесқой рингке қайта оралуы мүмкін, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бір жылдан астам уақыт бұрын Жалолов әуесқой бокстан кетіп, тек кәсіпқой рингте жұдырықтасатынын мәлімдеген еді. Алайда 13 ай өткен соң, ол өзі күткендей нәтижеге қол жеткізе алмады.
Баходирдің кәсіпқой бокстағы алғашқы қадамын көпшілік асыға күтті. Себебі ол әуесқой рингте барлық ірі турнирді жеңіп, қос Олимпиаданың чемпионы атанған болатын. Физикалық деректері мен нокаут жасай алатын соққысы да жанкүйерлерге үміт сыйлады. Ол әлі беделді жекпе-жек өткізбей жатып-ақ WBC рейтингінде ТОП-15 қатарына кірген еді.
Алайда шынайы жағдай басқа болып шықты:
- Ақпан айындағы жекпе-жегі өтпей қалды;
- Тамыздағы кездесуі де қарсыласының денсаулығына байланысты кейінге шегерілді;
- Тек Астанада Жәнібек Әлімханұлының андеркартында украиналық Игорь Шевадзуцкиймен жұдырықтасты.
Бұл кездесу жанкүйерлерді біраз қынжылтты. Себебі Шевадзуцкий аса мықты қарсылас болмаса да, лайықты қарсылық көрсетті. Үшінші раундтағы нокдаунға қарамастан, Жалолов жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтай алмады. Кәсіпқой мансабында алғаш рет айқын ұпай айырмасымен жеңгенімен, бұл жеңіс жанкүйерлерді қанағаттандырмады.
6 қазанда Жалолов Санкт-Петербургте IBA Pro аясында Ресей боксшысы Виталий Кудуховпен (7 жеңіс, 3 жеңіліс) кездеседі. Бірақ бұл жекпе-жек те жанкүйерлерге ұнамай отыр:
- IBA Pro жекпе-жектері кәсіпқой бокстың ресми статистикасына кірмейді;
- Жалоловтың қарсыласы оның чемпиондық амбицияларына сай келмейді;
- Осылайша, ол бір жыл бойы нағыз мықтылармен жұдырықтаспаған болып шығады.
Әрине, қаржылай тұрғыдан Баходир ұтылмайды. Себебі IBA президенті Умар Кремлев боксшыларға қомақты қаламақы төлейді. Бірақ бұл жол кәсіпқой бокстағы үлкен жетістікке апармайды.
Соңғы жағдайлар Жалоловтың қайтадан әуесқой рингке оралуы мүмкін деген әңгімелерді күшейтті. Бұған бапкерлердің де ықпалы болуы ықтимал. Мәселен, финалда қазақстандық Айбек Оралбай өзбек Жахонгир Зокировты сенімді жеңген жекпе-жек көп нәрсені көрсетті. Өзбекстанның тағы бір керемет боксшысы Лазизбек Муллажонов допинг дауына байланысты шеттетілген соң, бұл салмақта елде басты фаворит қалмағандай.
Әуесқой бокс – Жалолов үшін таныс әрі табысты алаң. Олимпиададан кейін аса ауыр салмақтағы кейбір мықтылар спорттан кеткен. Қалғандары арасында кубалық Ла Крус, италиялық Ленци және біздің әлем чемпионы Айбек Оралбай ғана бар.
Сондықтан бір жылдан кейін Баходирдің кәсіпқой бокста біраз қиналып, Олимпиададағы үшінші алтын үшін әуесқойға оралуы әбден мүмкін. Ал Қазақстан құрамасының жаттықтырушылары бұған дайын болуы керек.