"Қасында Чина деген адам болды": Хасан ісінде жәбірленуші күтпеген сөз айтты

23 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Талғарда Хасан Қасымбаев пен оның серіктестеріне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бірақ басты жәбірленуші Айыпжан Тәжіев тың отырыста күтпеген мәлімдеме жасап, "Хасанға ешқандай талабы жоқ" екенін айтты. Айта кетейік, дәл осы Тәжіевтің алғашқы айғақтары қылмыстық істі қозғауға себеп болған еді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Қасымбаевқа тағылған айып – MMA жаттықтырушысы Арман Әлімұловқа қол көтеру және ақша бопсалау. Қылмыстық іс көлемді – барлығы 36 томнан тұрады. Бұл істе Қасымбаевпен бірге тағы бес адам сотталушы ретінде жауап беріп отыр.

Формалды түрде сот ашық болғанымен, журналистерді залға кіргізбеген. Кезекті тыңдау кеш басталды. Кей айыпталушылар денсаулығына шағымданды. Ал Тәжіев айыпталушылардың көзінше жауап беруден бас тартып, сот оларды уақытша залдан шығарып жіберді. Қорғаушылар мұндай шешімді айыпталушылардың құқығын шектеу деп бағалады.

Айыпжан Тәжіевтің сөзінше, ол Хасан Қасымбаевпен алғаш рет 2016 жылы танысқан. 

"Мені Дархан деген танысым Талғарға ертіп барды. Ол мені тауға апарды. Сол жерде алғаш рет Хасанды көрдім. Қасында Чина деген адам болды. Кейін бәріміз кафеге бардық. Бірақ операциядан кейін көп нәрсені дұрыс есімде сақтай алмаймын", – деді жәбірленуші.

Соттағы көптеген сұраққа ол "Есімде жоқ, білмеймін" деп жауап берумен шектелді. Үзіліс кезінде Тәжіев ҰҚК-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлерінің бақылауында жүргені байқалды.

Ал айыпталушының әпкесі Айжан Қасымбаева сотта тың мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, арнайы қызмет өкілдері Тәжіевке "Не сұраса да, тек "есте жоқ, білмеймін" деп айт" деп сыбырлаған.

Қорғаушылар да жәбірленушінің айғақтарын қайшылыққа толы деп бағалады: "Өзі "Хасаннан ештеңе талап етпеймін" деді. Бар шағымы Дарханға қатысты екенін айтты. Хасан бір рет қана ұрды деп отыр. Ал ақша бопсалау фактісін мүлде растаған жоқ. 36 том материал бар, бірақ Тәжіев олармен танысқан-таныспағанын да нақты айта алмады".

Осы отырыста Арман Әлімұловтың анасы да сөз сөйледі. Ол Талғар полициясын қатаң сынға алып, қылмыстық іс материалдарымен танысуға мүмкіндік бермегенін жеткізді.

Еске салсақ, Хасан Қасымбаевтың есімі былтыр қазан айында Шерзат Полат қаза тапқаннан кейін көпшілікке белгілі болды. Сол оқиғадан соң оның ағасы Аслан акиматтағы қызметінен кеткен еді. Ал тағы бір ағасы Ержан кеденшіні өлтіру ісінде фигурант ретінде өткен.

Тэгтер:

Хасан Қасымбаев жаттықтырушы