Кәсіби боксшы Айдар Шәрібаев Ливерпульде өткен әлем чемпионатындағы кейбір жекпе-жектерге күмән келтіріп, төрешілердің әрекетіне наразылығын білдірді. Ол бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасында сұхбат барысында айтып, деп Sportinside.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
"Боксты Олимпиададан алып тастаймыз деген әңгіме не үшін жылда айтылады? Өйткені, базар болып кетті. Кейбір жекпе-жектер «сен қанша бересің?» деген әңгімемен шешілген сияқты. Сол үшін тізгінді тең тарту керек", – деді ол.
Шәрібаевтың айтуынша, нағыз мықты боксшыларды дайындаумен қатар, қажет болған жағдайда қолдау көрсету де маңызды.
"Сүйреген ит аңға жарамайды" дейді. Сүйрегенге жүріп тұратындай боксшыларды дайындауымыз керек. Бірақ, сүйреу жағында да кем қалдырмауымыз керек. Өзбекті сүйреп жатқанда, біз неге сүйремейміз? Олар берген нәрсені біз бере алмаймыз ба?" – деп күйінді боксшы.
Сонымен қатар ол жеңісті қолдан жасап әкелудің қажеті жоқ екенін де атап өтті. Дегенмен, әділетсіздіктің алдын алу үшін басшылық сақ болуға тиіс екенін ескертті.
"Бізге біреудің жеңісін тартып әперудің қажеті жоқ. Бірақ бізге әділетсіздік істемеуі үшін, біз сақтануымыз керек. Қаншама спортшының жылдап төккен терін басшылық жіберіп алмауы керек", – деді Айдар Шәрібаев.