«Астерикс және Обеликс Цезарге қарсы» фильмін көрген боларсыздар. Бұл тарихи-фантастикалық сюжетте Астерикс сиқырлы сусын ішкеннен кейін ерекше күшке ие болып, рим сарбаздарын жеңеді. Кәдімгі допингтің бейнеленуі десек те болады. Шындығында, допингтің тарихы сонау ежелгі грек пен рим дәуіріне дейін жетеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қазіргі спорттағы физикалық көрсеткішті жасанды түрде арттыратын препараттар –Олимпиадалық қозғалыстың қайта жандануымен бірге өзіне жаңа өріс тапты. 1904 жылғы Сент-Луис Олимпиадасында британдық марафоншы Том Хикс 42 шақырымдық марафонды жүгіріп өтіп, жарыстың соңғы 11 шақырымында есінен танып құлап қалады. Бапкері Шарль Люк оған бір миллиграмм стрихнин сульфаты инъекция жасап, коньякпен ішкізеді. Хикс жарысты аяқтағанымен, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі.
Сол кезеңде спортшылар стрихнин, героин, кокаин және кофеин қоспасын қолдана бастайды. Бұл практика 1920-жылдарға дейін кеңінен жалғасып, кейін героин мен кокаинді тек дәрігер рецептісі бойынша ғана қолдану тәртібі енгізіледі.
Допинг – бұл спортшылардың нәтижесін жасанды түрде арттыруға бағытталған тыйым салынған препараттарды қолдану. Бұл тек ережені бұзу ғана емес, спорттың негізгі мәнін – адал бәсекелестікті бұрмалау, спортшылардың денсаулығына қауіп төндіру болып табылады.
Допингке қарсы белсенді күресті бастаған алғашқы халықаралық ұйым – Жеңіл атлетика федерациясы. 1928 жылы халықаралық ұйым стимуляторларды қолдануды тыйым салды. Алайда нақты нәтиже болмады. Себебі допинг қолдануды бақылаудың нақты жүйесі болмады.
Жағдай белгілі спортшылардың қайғылы өлімінен кейін ғана өзгерді. Мысалы, 1960 жылғы 26 тамызда дат велошабандозы Кнут Йенссен Римдегі Олимпиададағы 100 шақырымдық жарыс кезінде кенеттен құлап, қайтыс болды. Тексеру кезінде оның қанынан амфетамин ізі табылды. Бұл препарат ХХ ғасырдың 20-жылдарында ойлап табылып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскерде кең қолданылған-ды.
Сол сияқты, 1967 жылы Томми Симпсонның Франциядағы «Ле Тур де Франс» турнирінде қаза болуы халықаралық спорт қауымдастығын шұғыл әрекетке мәжбүр етті. Осы оқиғадан кейін Халықаралық Олимпиада комитеті (МОК) 1968 жылғы Мехико Олимпиадасынан бастап спортшылардан міндетті допинг-тестін алу рәсімін енгізді. Сол кезеңнен бастап допингке қарсы бақылау ресми түрде басталды.
Спорт тарихында допинг дауы одан кейін де жиі қайталанды. Мысалы, 1988 жылғы Сеул Олимпиадасында канадалық желаяқ Бен Джонсон стероид қолданғаны үшін алтын медалінен айырылды.
Тағы бір даулы оқиға – велоспорттан әлем чемпионы және Livestrong қайырымдылық қорының негізін қалаушы Ланс Армстронгтың допинг дауы. Нәтижесінде «Тур де Франс» жарысын жеті рет жеңген жетістігінен айырылып, Францияның жоғары атағы – Даңқ Легионынан қайтарып берді.
Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (WADA) бұрынғы бас директоры Дэвид Хоумэн былай дейді: «Допингке қарсы бақылау – спортшылардың қауіпсіздігін сақтау және халықаралық жарыстардағы әділдікті қамтамасыз етудің негізгі құралы. Ол тек жазалаудан тұрмай, білім беру мен алдын алу шараларын да қамтиды».
Шындығында, допинг мәселесі Қазақстанда да өзекті. Ұлттық антидопинг орталығы (KAZ/NADO) дерегіне сәйкес, оралтуринабол, эритропоэтин, дростанолон, метенолон, метилгексанамин, мельдоний, фуросемид, тестостерон, болденон, оксандролон, анастразол және басқа тыйым салынған заттарды қолданғандар спорттан ұзақ мерзімге шеттелді. 2014-2024 жылдарыы 97 атлет допингке қарсы ережені бұзғаны үшін дискваликацияланды. Оның 36-сы ауыр атлет. Бұлардың арасында жаттықтырушылар да бар. Ең өкініштісі, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғаған танымал спортшылар допинг дауына ілікті.
Адам өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін, күшті әсер ететін заттардың тізіміне 95 препарат жатады. Әрі жыл сайын тыйым салынған субстанциялар жаңартылып отырады.
1999 жылы құрылған Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) бүгінгі күнде спортшыларға толық бақылау жүргізуді талап етеді. Бұл бақылау кейде спорттық жарыстардың өзінен қымбатқа түсетінін ескерсек, допинг мәселесінің халықаралық спорттағы саяси және экономикалық мәні айқын көрінеді.
Еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азамат Шағапұлының сөзінше: «Допинг – спортты бүлдіреді. Жеңіс тек еңбек пен талантың арқылы келуі керек. Кімде-кім допинг қолданса, ол өзіне де, спортқа да зиян келтіреді».
Осылайша, допингке қарсы күрес – тек спорттық әділдікті қорғау ғана емес, ұлттық намыс, халықаралық бедел және спортшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі ретінде қарастырылатын стратегиялық міндетке айналды.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ