Астаналық боксшылар Ливерпульде (Ұлыбритания) өткен әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль иегерлері атанды. Бұл жөнінде қала әкімі Жеңіс Қасымбек ресми парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Санжар Тәшкенбай әлем чемпионы атағын екінші рет жеңіп алды. Ол алғаш рет 2023 жылы 19 жасында 48 келіде жеңімпаз болса, биыл Ливерпульде 50 келі салмақта тағы да алтыннан алқа тақты.
Айбек Оралбай болса, Қазақстан тарихында алғаш рет суперауыр салмақта әлем чемпионы атанып, ел спортына жаңа белес қосты.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде жеңіп, бірінші орынға шықты.
Жеңіс Қасымбек жеңімпаздарды құттықтап, олардың табысы елдің абыройын асқақтатқанын атап өтті:
"Спортшыларымыз намысты қолдан бермей, тәртіп пен еңбектің арқасында үлкен жетістікке жетті. Бұл жеңістерге бапкерлердің де қосқан үлесі зор. Астана әрқашан спортты қолдап, талантты жастардың дамуына жағдай жасай береді", – деді ол.
Сонымен қатар әкім биыл Бекзат Саттарханов атындағы жаңа спорт кешені ашылғанын және қалада Боксты дамыту орталығы жұмыс істеп тұрғанын еске салды.
Әкім чемпиондарға 30 млн теңге сыйақы тапсырды және алдағы додаларда да жеңісті жолдары жалғаса беруіне тілек білдірді.