Француз шабуылшысы, "Пари Сен-Жермен" ойыншысы Усман Дембеле 2024/25 маусым қорытындысы бойынша әлемнің үздік футболшысы атанып, "Алтын доп" жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Салтанатты рәсім Париждегі "Шатле" театрында өтті. "France Football" француз журналы тағайындаған "Алтын доп" марапаты 69-шы рет табысталды. Үміткерлер үшін дауыс беруге кәсіби журналистерден құралған арнайы қазылар алқасы қатысты.
Дембеле "Алтын допты" 2005 жылғы жүлде иегері, "Барселонаның" Чемпиондар лигасындағы жеңімпазы әрі Бразилия құрамасымен әлем чемпионы атанған Роналдиньоның қолынан алды.
Әйелдер арасындағы "Алтын допты" қатарынан үшінші жыл жеңіп алған испаниялық Айтана Бонмати болды – мұндай жетістікке бұрын-соңды ешкім жетпеген. Ол "Барселона" сапында өткен маусымда чемпионатта, Кубокта және Суперкубокта жеңіске жетті. Ұлттық құрамамен бірге Еуро-2025 финалына шығып, турнирдің үздік ойыншысы атанды. Оған марапатты әлем және Еуропа чемпионы, Испания тарихындағы ең титулды футболшы Андрес Иньеста табыс етті.