Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбайдың алдағы мансабы туралы тосын ақпарат мәлім болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
2023 жылы ол 48 келі салмақта алтын медаль жеңіп алса, екі жылдан кейін 50 келіде осы бір жетістігін қайталады.
Алайда қазір Санжар Тәшкенбай өнер көрсетіп жүрген салмақ – олимпиадалық емес. Халықаралық Олимпиада комитеті мен World Boxing бекіткен жаңа ережеге сәйкес, медальдар үшін дода 55 келіден басталады. Ендеше қос әлем чемпионы не істемек? Бұл жөнінде sportarena.kz тілшісіне Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов пікір білдірді.
"Өкінішті жағдай болды: Санжардың салмағын аяқ астынан олимпиадалық бағдарламаға қоспай тастады. Әлемнің талай мықты боксшылары басты додадан шет қалды! Менің ойымша, Санжардың 55 келіге өтуіне қажеті жоқ: ол жерде Махмұд Сабырхан бар, әрі Санжардың өзі де бұл салмақта толық ашыла алмайды. Сол өз салмағында қалып, қажет болса кәсіпқой боксқа ауысқан дұрыс. Бірақ міндетті түрде мансабын жалғастыруы қажет. Мүмкін, ол біздің ерлер арасындағы бокста тарихта тұңғыш рет үш дүркін әлем чемпионы атанар. Санжарда ондай мүмкіндік бар", – деді Тұрсынғали Еділов.