WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBC белбеуінің иегері, Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамеске қарсы жекпе-жек өткізеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы испаниялық комментатор әрі тележүргізуші Фернандо Сабатини X желісіндегі парақшасында жазды.
"Карлос Адамес маған Жәнібек Әлімханұлына қарсы жекпе-жегін өткізетінін айтты", – деп жазды ол.
Сабатини өз постында Карлостың мына сөздерін келтірді.
"Біз ұзақ уақыт келісімге келе алмай жүрдік, бірақ бұл жекпе-жек өтеді. Біз оны ұйымдастыру үстіндеміз. Келісімге шамамен қол жеткіздік", – деген Карлос Адамес.
Инсайдердің айтуынша, жекпе-жектің нақты күні мен орны әлі белгіленбеген, бірақ бұл кездесудің екеуінің де келесі жекпе-жегі болатыны айқын.
Ал Жәнібек Әлімханұлы жақында "орта салмақтағы көптен күткен жекпе-жегін" жақын арада жариялайтынын айтты, алайда қарсыласының кім екенін ашқан жоқ.