ҚР ҰОК президенті және World Boxing олимпиадалық комиссиясының төрағасы әуесқой бокста ауқымды өзгерістерді қолға алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спорт журналисі Уәлихан Қосанбайдың айтуынша, Геннадий Головкин тек қазақстандық боксты дамытуға емес, әлемдік деңгейде де боксты "тазартуға" ниетті.
Мен Головкинге жеке өзім ризамын. Ол әңгіме барысында: "Мен қазір әлемдік деңгейге шығып жатырмын, менің мақсатым тек қазақ боксын сүйреу емес, бокстың бүкіл әлемде дамуына үлес қосу", – деді. Ол біржақты ойламайды, ғаламдық тұрғыда қарайды. Қазір бокс жайлы түрлі теріс әңгімелер көп. Ол болса: "Мен сол ортадан шықтым, енді мақсатым – бокстың беделін әлемдік деңгейде көтеру" дейді. Қысқасы, ол проблемаларға батып кеткен боксты тазартқысы келеді. Алдымен төрешілерден бастау қажет деп санайды. Бұл – оның басты жаһандық мақсаты. Сондықтан оны жеңілгенде кінәлап, жеңгенде бірге қуанудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ол барлығын дұрыс істеп жатыр", – деді Уәлихан Қосанбай.