Бокстан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы, әлемнің үш дүркін жеңімпазы әрі Париж Олимпиадасының 51 келі салмақтағы қола жүлдегері Назым Қызайбай әлеуметтік желіде өзін сынап, хейт жазғандарға арнайы жазба арқылы жауап берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ол өзінің іс-әрекеті мен жүріс-тұрысына байланысты ауыр пікір қалдыратын адамдарға ренжімейтінін жеткізді. Боксшының айтуынша, теріс пікір жазатындардың көбінде ішкі проблема бар және олар өз бақытсыздығын өзгеден көреді.
Спортшы жазбасында әр адамның өз ісіне ғана жауапты екенін айтып, өзгелерді сынаудың әлсіздіктің белгісі екенін алға тартты. Сондай-ақ ол ешкімге әдейі зиян келтірмейтінін, ең басты ұстанымы – жүрегінің таза болуы екенін баса айтты.
"Адамдар әрқашан теріс пікір айтуға себеп табады. Біреу қызғаныштан, біреу назар аударту үшін, ал біреу өз ішіндегі бақытсыздығынан. Бірақ бұл мені ешқашан алаңдатпайды. Себебі мен кім екенімді, қандай жолда жүргенімді білемін. Көпшілігі өзін "мінсіз" етіп көрсеткісі келеді, қателік жасамайтын періште секілді. Бірақ өмірде әркім тек өз ісіне ғана жауапты. Өз таңдауыңа, өз сөзіңе, өз қадамыңа. Басқаларды сынау – бұл әлсіздіктің белгісі ғана. Мен біреуге ұнау үшін өмір сүрмеймін. Өзім дұрыс деп санаған жолмен жүремін. Өзімді таныған кезде, басқалардың сөзі құнын жоғалтады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Ешкімге әдейі зиян келтірмеймін. Бұл – мен үшін ең басты қағида. Өмірде бәріміз қателесеміз, бәріміз әртүрлі жолдамыз. Бірақ менің таңдауым – өз жүрегім таза болсын. Адамдарға жақсылық тілеп, өз жолыңмен сенімді жүру – ең үлкен күш. Себебі мықтылық біреуді сынауда емес, ешкімге жамандық жасамауда", – деп жазды Назым Қызайбай.