Даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтің жары Күлпан Үшкемпірова көпшілікке беймәлім естеліктерін бөлісіп, марқұмның өмірінің соңғы кезеңдері туралы әңгімеледі, деп жазады Sportinside.kz.
"Өте керемет әке болды. Бір баласына "әй" деген жоқ. Не бетінен қақпайды, әй деп ренжітпейді. Қайта оның қасында менің мінезім бар. Мен қаталмын. Балаларына "адам болыңдар, еңбек етіңдер, ешкімді алдамаңдар, жағдайы төмен адамдарға көмектесіңдер" деп үнемі ақыл айтып отыратын. Балаларын спортқа бергісі келмеді. Өйткені спорт оңай емес. Жәкең де соны айтып отыратын: "Спортқа уақытымды да, денсаулығымды да бердім. Спортпен айналысу үшін шыдам керек, жеңіліске шыдау керек. Егер шыдамасаңдар, бастамай-ақ қойыңдар" деп ескерткен", – дейді жары. Күлпан апай жарының соңғы күндері туралы да сыр шертті.
Індет күшейген тұста туыстары қанша сақ болуды өтінсе де, Жақсылық аға Таразға сапарға аттанған. Дәл сол жолығудан кейін оның денсаулығы нашарлап кеткен екен.
"Сол кездері "ешқайда шықпа, екі рет инфаркт болғансың, иммунитетің төмен" деп көп айттық. Бірақ бір ай бұрын өзінің туған әпкесі қайтыс болды. Бармаймын деп жүрген. Бір күні жүргізушісі Таразға кетіп бара жатқанын айтты. Тоқтата алмайсың. Содан барып әпкесін жерлеген. Сол оқиғадан кейін бір айдан аса уақыт өткен соң өзі қайтыс болды.
Бұл кісі көп денсаулығын спортқа берген. Салмағы 70-ке дейін барады. Жарысқа баратын кезде 48 килограмға дейін салмақ қуады. Жарыс болады деген қажетті салмағына дейін жету өте қиын. Ол кісінің "не өлемін, не жеңемін" деген сөзі бар. Сондықтан спортты бастадым ба мен мұның шыңына жетуім керек деп мақсат қоятын. Мал шаруашылығымен айналысқанда да осы кәсіптің шыңына шығуым керек деп еңбектенді. Бір жұмысты бастаса соңына дейін бармай қоймайды.
Әпкесінің жаназасына барып, сол жерде жұқтырды ма, әйтеуір, содан кейін ауырып қалды. Бізде дәрігерлер де әлсіздік танытты. Ол кезде вирустың өршуі көбейіп, емін таппаған кез. Немен емдерін білмейді. Сонда кейде ойлаймыз емханаға жібермей, үйде емдегенде дұрыс болар ма еді. Өйткені мен медицианадан жақсымын.
Өлім айтып келмейді. Алланың бұйрығы. Оның үстіне кіші балам Жеңіс Жәкең ауырғанын айтпай, бірден ауруханаға алып кетті. Ауруханаға түскеннен-ақ сездім. Оған дейін білмей жүрдім. Жәкең ентігіңкіреп, дем ала алмай қиналып жүрді. Содан кіші баласы ауруханаға алды да кетті. Мүмкін маған айтқанда ауруханаға жібермес те едім. Себебі өзім емдеп, дәрісін беріп жазып алар едім", – дейді Күлпан апай өзегі өкінішке толып.
Жолдасы дүниеден өткен соң Күлпан апайдың өзі де коронавирус жұқтырыпты. Дегенмен ол ауруханаға жүгінбей, емделуді үйінде жүргізген.
"Жәкеңнен кейін өзім де сол аурумен ауырдым. Бірақ өзімді-өзім жазып алдым. Антибиотик ішіп, дәрі егіп, емделдім. Жәкең сонда қиналып жүргенін ешкімге айтпайтын. Одан кейін кейінгі кездері "сендер аман болыңдар, мені қойшы, қартайдым" деп отыратын. Өзі сезгендей болды", – дейді ол.
Күлпан апайдың айтуынша, Жақсылық аға көзі тірісінде ауылына да, тұрмысы төмен отбасыларға да көп көмек көрсеткен. Алайда ол жасаған игіліктерін жақындарына айтпайтын. Қаншама жанға қол ұшын созғанын тек жаназасына жиналған бейтаныс адамдардан ғана білгенін айтады.
"Ол кісінің жақсылығын кеткеннен кейін білдім. Қайтқаннан кейін көп әйелдер есік алдында келді. Бәрі көпбалалы. Сендерді танымаймыз десем, "Жақсылық аға бізге үй алып берген, мал берген, бұзаулы сиыр берген" деп көп адам келді. Сонда бізге айтпай, жақсылық жасап жүрген. Жәкең өте қарапайым болды. 47 жыл бірге тұрдық. Мұндай азамат көрген жоқпын. Біртуар тұлға. Мінезімен де, қылығымен де, адамгершілігімен де баурап алды. Керемет адам еді ...", – дейді ол.
Материал Stan.kz сайтынан алынды.