Алматыда «Көктөбе» телемұнарасының жанында өрт орын алды. Оқиға куәгерлері қою түтін мен жалынды байқап, Tengrinews.kz редакциясына фото-видеоматериалдар жолдады. Кадрларда жалынның лап еткені, түтіннің көтерілуі және сиреналардың дауысы анық естіледі.
«Қазірдің өзінде шатыр өртеніп жатыр! Бәрі аман-есен болса екен. Жақын болсам, жүгіріп барар едім», – дейді бейнежазбадағы әйел дауысы.
Қалалық ТЖД алдын ала дерек бойынша өрт жеке үйден басталғанын хабарлады.
«13:21-де күш пен құралдар Медеу ауданындағы Сапарғали Бегалин көшесіне жөнелтілді. Алдын ала мәлімет бойынша, жеке тұрғын үй жанып жатыр. Оқиға орнына СПЧ-5, СПЧ-2 және ПЧ-7 бөлімшелерінің өрт сөндірушілері жіберілді», – делінген ведомство хабарламасында.
Кейін ТЖД нақтылағандай, алдымен шаруашылық нысаны өртеніп, кейін от екі қабатты үйдің шатырына өткен. Өрт сөндірушілер дереу тілсіз жауды ауыздықтауға кіріскен.
«Оқиға орнындағы аумақтың таулы аймақта орналасқанына қарамастан, бөлімшелер белгіленген нормативті уақыт ішінде жетті», – деп толықтырды департамент.
14:17-де өрттің таралуы тоқтатылып, ол толықтай локализацияланды.