фото: Өзбекстан бокс федерациясының баспасөз қызметі. Суретте: Жавохир Умматалиев
Бокстан Өзбекстан құрамасының жаттықтырушысы Рахматжон Рузиахунов қазақстандық БАҚ-қа қатысты арандатушылық сипаттағы жазбасын бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Өзбек маманы Instagram парақшасында Ливерпульде өткен әлем чемпионатының ерлер арасындағы медаль кестесін жариялаған постты бөлісті. Бұл жарыста Өзбекстан құрамасы алты алтын медаль жеңіп алған көрсеткішін жариялады.
"Айғайшыл қазақ блогерлері мен журналистері! Әуелден бокс – ерлер спорты болып саналған, ал әлем чемпионатында Өзбекстан алты алтынмен сіздерден озып шықты! Біздің 19 жастағы боксшымызды сіздердің Олимпиада жүлдегерлеріңіз (Нұрбек Оралбай – ред.) тоқтата алмай, жеңілгенін айтпай-ақ қояйық", – делінген Instagram-дағы жазбада.
Айта кетейік, World Boxing ұйымы аясында өткен алғашқы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды (жеті алтын, бір күміс және екі қола), ал Өзбекстан екінші орынға жайғасты (алты алтын, екі күміс және үш қола).