Қазақстан құрамасының капитаны, белгілі боксшы Айбек Оралбай тележүргізуші Динара Сәтжанға берген сұхбатында жеке өмірі мен отбасы туралы сыр шертті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Спортшының айтуынша, оның жары да кезінде спортпен шұғылданған екен. Алайда қазір кәсіби мансабын аяқтап, отбасына көңіл бөліп отыр.
"Әйелім дзюдошы. 2016 жылы Якутияда өткен "Азия балалары" жарысында таныстық. Жол ұзақ екен, чартерлік рейспен ұштық, сонда оған көзім түсіп, кейін сөйлесіп кеттік. Ол кезде 16 жаста едік. Ал 2020 жылы дзюдоны қоясың, себебі менің саған үйлентін ойым, ниетім бар дедім. Ол құлақ асып, бүгінде үйде ана болып отыр", – деді боксшы.
Айбек сұхбат барысында болашақта балаларының спорттағы жолына қатысты ойын да бөлісті.
"Дзюдоға береміз. Бокста жүрген соң, қаншалықты қиын екенін білемін, сондықтан да қимаймын", – деп қосты ол.
Айта кетейік, Айбек Оралбай жақында Ливерпульде өткен әлем чемпионатында аса ауыр салмақта сынға түсіп, чемпион атанған. Сондай-ақ, Айбек Оралбай 2018 жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль еншіледі. 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен жастар арасындағы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленді. 2022 жылы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарды