Атақты қазақстандық боксшы Геннадий Головкин Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жарқын жеңісінен кейін рингке қайта оралуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
World Boxing ұйымының аясында өткен тарихи додаға қатысқан Қазақстан ҰОК президенті BoxingScene-ге берген сұхбатында отандастарының жеңісінен кейін "қолым қышып кетті" деп мойындады. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медальдық есепте бірінші орынды иеленді.
"Иә, неге болмасқа? Мұнда өзімнің ескі сезімдерімді қайта бастан кешіріп отырмын", – деді Головкин рингке қайта оралуы жайлы сұраққа. Ал ықтимал қарсыласы мен мерзімі туралы сауалға: "Бұл – менің құпиям", – деп жауап берді.
Айта кетейік, Головкин 2022 жылғы қыркүйектен бері рингке шықпаған. Ол соңғы жекпе-жегінде мексикалық Сауль "Канело" Альварестен жеңілген еді. Қазір Головкин World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясының төрағасы қызметін атқарады.