Ливерпульден Алматыға бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы жеңіспен оралды. Әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған спортшыларды жанкүйерлер мен жақындары қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Kazinform тілшісі чемпионаттың қорытындысы жайлы ұлттық құрама сапындағы боксшылар – Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай және Елдана Тәліпованың жеке бапкері Долкунжан Камековпен сұхбаттасып, жарыстың ерекшеліктері мен шәкірттерінің жетістіктері туралы пікірін білді.
"Жалпы, Қазақстан құрамасынан 10 спортшы қатысып, алтауы жүлдегер болды – 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Менің шәкірттерім – үш спортшы, барлығы медаль алды: Алуа Балқыбекова – алтын, Назым Қызайбай – күміс, Елдана Тәліпова – қола еншіледі. Рефери кімнің қолын көтерсе, сол жеңді. Біз нәтижені өзгерте алмаймыз. Бірақ мен Назым финалды ұтты деп сенемін. Дегенмен төрешілер басқа шешім қабылдады", – деді Долкунжан Камеков.