Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатында ағайынды Махмұд (55 кг) пен Төрехан Сабырхан (70 кг) топ жарып, Қазақстан қоржынына қос бірдей алтын медаль салды. Жеңімпаздардың анасы Меңтай Әсілова "Jibek joly" телеарнасының "Бүгін LIVE" бағдарламасында әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Алдымен ол балаларын қолдаған барша жанкүйерге алғыс айтты.
"Балаларамыздың жетістігіне қуанамыз. Бұдан да биік белестерді бағындыруына тілекшіміз. Осы жарысқа кеткенде екі баламның да чемпион болып келеріне сендім. Махмұд бірнеше жыл жарыстарға қатысып келеді. Ал Төрехан алғаш рет ересектер санатына ауысып, бірінші жекпе-жегіне қатысты. Оның қарсыластары да әлдеқайда үлкен, анағұрлым тәжірибелі. Телефонмен сөйлескенде "Махмұд саған сенеміз, мына Татошқа да (Төрехан – ред.) ағалық ақылыңды айтып, рингке қалай шығуды айтып отыр" дедік", – дейді Меңтай Әсілова.
Ол сонымен бірге балаларының жекпе-жегін тікелей көруге қиналатынын жасырмады.
"Кешегі финалға отбасымызбен, туыстарымызбен жиналдық. Бірақ тікелей қарауға жүрегім дауаламайды, екінші бөлмеде үй ішімнің даусынан-ақ біліп отырамын. Бөлек бөлмеде ұлдарымның тілеуін тілеп отырамын. Ал қазір қос бірдей ұлым чемпион атанған соң әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұның бәрі жүректе сақталатын сәттер. Барлық анаға осындай қуанышты сезім тілеймін", – дейді М.Әсілова.
Желіде ағайынды боксшылардың әсерлі сәті – Махмұдтың інісі Төреханды иығына көтерген видеосы кең тараған болатын.
"Біздің бір қыз, төрт ұлымыз бар. Бәрі де бір-біріне жанашыр, мейірімді болып өсті. Әлі күнге дейін бір-бірін қолдап жүреді. Отбасымызда алған үлгілері лайым осылай жалғасқанын қалаймын. Енді ұлдарымның 2028 жылы Олимпиада чемпиондары болуын тілеймін", – деді мерейлі ана.
Айта кетейік, әлем біріншілігіне 68 мемлекеттен 540 боксшы қатысты. Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шығып, тарихи жеңіске қол жеткізді.