"Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин команданың негізгі қақпашысы Темірлан Анарбеков алдағы матчтарда клубқа көмектесе алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұған дейін белгілі болғандай, Алматының "Қайрат" футбол клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Темірлан Анарбеков премьер-лиганың 23-турындағы ойында жарақат алған. Ойынның 10-минутында ол допты қайтарып алмақ болған сәтте қарсылас ойыншымен соқтығысып қалды.
Оқиға орнында футболшыға бірден медициналық көмек көрсетілді. Шамамен 20 минуттан кейін стадионға жедел жәрдем келіп, Анарбековті ауруханаға жеткізді.
Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин қақпашының жарақаты мен қалпына келу мерзімі жайлы пікір білдірді.
"Менің білуімше, Темірланның жақ сүйегі жарақаттанған. Ол ұзақ уақытқа дейін қатардан шықты. Чемпиондар лигасы мен 2025 жылғы ҚПЛ-дің алдағы ойындарында командаға көмектесе алмайды", – деді ол.