Бокстан Қазақстан құрамасының мүшелері әлем чемпионатында жеңіп алған медальдары үшін мемлекеттен сыйақы алады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше, 14 қыркүйекте World Boxing аясында өткен алғашқы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қорытынды бойынша Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, олимпиадалық спорт түрлерінен (оның ішінде бокс та бар) әлем чемпионы атанған спортшыларға мемлекеттік сыйақы төленеді:
- Алтын медаль үшін – 15 мың доллар
- Күміс медаль үшін – 7 мың доллар
- Қола медаль үшін – 5 мың доллар
2025 жылғы 11 тамызда Туризм және спорт министрі ұлттық құраманың спортшыларына ай сайынғы қаржылай қамтамасыз ету мөлшерін бекіткен болатын.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес:
- Әлем чемпионы – 130 АЕК (шамамен 511 мың теңге)
- Күміс жүлдегер – 120 АЕК (471 мың теңге)
- Қола жүлдегер – 100 АЕК (393 мың теңге)
Сонымен қатар, жаттықтырушылар да сыйақы алады:
- 1-орын үшін – 65 АЕК (255 мың теңге)
- 2-орын үшін – 60 АЕК (235 мың теңге)
- 3-орын үшін – 50 АЕК (196 мың теңге)
2023 жылы бекітілген ереже бойынша Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада жүлдегерлері, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпиондары өмір бойына ай сайынғы 100 АЕК көлемінде төлем алуға құқылы. Бұл бүгінгі күнгі есеппен шамамен 393 200 теңге.