Бүгін таңертең Қой-Таш ауылындағы Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың үйіне милиция қызметкерлері келген. Бұл туралы әлеуметтік желіде оның ұлы Қадырбек Атамбаев хабарлады.
Саясаткердің қызы Алия Шагиева айтқандай, резиденцияға бірнеше ондаған адам келген, олардың бір бөлігі милиция формасында болса, қалғандары қарапайым киімде болған. Олар ешқандай құжат көрсетпеген.
Атамбаев отбасы үйді шабуылдауға әрекет жасалып жатқанын алға тартады. Балаларының айтуынша, милиция күш қолданып есікті ашқан.
Қадыр Атамбаев бұл жағдайды "бассыздық" деп атап, олардың баспанасына қатысты сот процестері әлі жалғасып жатқанын еске салды.
Алия Шагиева болса, келгендер есікті сындырып, терезелерді шағып, жиһаздарды сыртқа шығарып жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, Қой-Таш ауылындағы бұрынғы президенттің үйі орналасқан жер мемлекетке қайтарылған еді. Сот шешімі бойынша оған іргелес аумақ та мемлекет меншігіне өткен.
Бұған дейін Мемлекеттік мүлікті басқару агенттігінің директоры Тимур Малбашев бұл жерде заманауи қарттар үйі мен 500 орындық жаңа балабақша салынатынын хабарлаған.