Астанадағы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта әнші Рүстем Жүгінісовке қатысты іс қаралды, деп жазады ozgeris.info.
Белгілі болғандай, тамыз айынан бері созылып келген әкімшілік іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 453-бабы 2-бөлігі бойынша жүргізілуде. Бұл бапта масс-медиа өнімдері арқылы елдің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, мемлекеттің тұтастығына нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни және рулық араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды таратуға тыйым салынған. Сондай-ақ экстремизм мен терроризмді насихаттау немесе ақтау, терроризмге қарсы операция кезіндегі техникалық тәсілдер мен тактикаларды жария ету де заң бұзушылық қатарына кіреді.
Аталған бап бойынша жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 78 640 теңге) көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.
Істің нақты қай пікірге байланысты қозғалғаны әзірге белгісіз. Бұл туралы соттан ресми ақпарат сұралған.
Дегенмен, жағдайдың Ақтөбедегі мешітте болған оқиғаға қатысты өрбігені айтылуда. Бұған дейін белгісіз бір әйел өзіне "бір реттік неке" ұсынылғанын айтып, бейнежазба жариялаған еді. Сол кезде Рүстем Жүгінісов бұл әрекетті арандатушылық деп бағалап, өз пікірін білдірген болатын.