Ливерпульде (Ұлыбритания) өтіп жатқан World Boxing ұйымының әлем чемпионатында тағы бір шу шықты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
70 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен өзбек боксшысы Шавкатжон Болтаев қарқынын үдете түсті. Алдымен ол Швеция өкілі Кевин Скоттниді жеңсе, 1/8 финалда испандық Франк Мартинес Бернадпен жұдырықтасты.
Жекпе-жек тартысты өтті. Болтаев көп соққымен басым болуға тырысса, испан боксшысы шапшаңдығы мен қимылы арқылы қарсыласын қыспақтады. Екінші раундта өзбек боксшысының ауыр соққысы дөп тиіп, Бернад нокдаунға түсті. Алайда испандық берілмей, үшінші раундта шабуылға шығып, джеб пен апперкот алмасқан нағыз айқас ұйымдастырды. Тіпті қарсыласын өзі де нокдаунға жіберді.
Дегенмен шешуші сәтте төрешінің шешімі бәрін өзгертті. Рефери испан боксшысына ескерту жасап, бір ұпайын шегерді. Бұл шешім нәтижеге тікелей әсер етіп, ақырында Шавкатжон Болтаев 3:0 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.