Халықаралық теннис федерациясы (ITF) жасөспірімдер арасындағы жаңартылған рейтингті жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл тізімде 17 жастағы қазақстандық спортшы Заңғар Нұрланұлы үшін қуанышты жаңалық бар. Түркістан облысының жас өкілі рейтингте бірден 29 орынға көтеріліп, қазір ITF Juniors тізімінде 25-орынды иеленіп отыр. Оның қоржынында – 1356,5 ұпай.
Бұл жетістік Нұрланұлының жуырда жасөспірімдер арасындағы АҚШ ашық чемпионатының (US Open) жартылай финалына шығуының арқасында мүмкін болды.
Енді Заңғар Қазақстандағы жасөспірімдер арасындағы бірінші ракетка мәртебесін иеленді. Бұрынғы көшбасшы Әмір Омарханов қазір ел ішінде екінші орында, ал әлемдік рейтингте 28-сатыда тұр (1322,25 ұпай).