Өзгертетін кез келді! Тоқаев ел болашағына қатысты батыл мәлімдеме жасады

8 қыркүйек, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі мемлекеттік комитеттердің бірінің атауын өзгерту туралы ұсыныс жасады.

"Менің ойымша, Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетті Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп атаған дұрыс болар еді.

Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен тиімді жұмыс жүргізді. Соның арқасында мемлекет қазынасына шамамен 850 миллиард теңге қайтарылды.

Бұл қаражат он мектептің, төрт спорт нысанының құрылысын салуға, 235 денсаулық сақтау мекемесін және 177 су инфрақұрылымы нысанын тұрғызу мен жөндеуге бағытталды. Бұдан бөлек республикалық бюджетке қосымша түсімдер түспек", – деді мемлекет басшысы жыл сайынғы халыққа жолдауында.

Президенттің сөзінше, ел экономикасына нақты пайда әкелетін жобаларға басымдық берілуі керек.

"Инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктерді мұқият қарастырып, тек ел үшін тиімді жобаларға қолданған жөн.
Жалпы инвестициялық келісім тетігі тиімділігін көрсетті. Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қараған жөн. Қор қаражатын ел ішіндегі болашағы зор әрі нарықтық әлеуеті жоғары жобаларға салуға болады.
Ең бастысы – қаржыны орнымен жұмсау. Бұл үшін қажет болса, халықаралық деңгейдегі тәжірибелі сарапшылар мен инвесторларды тартуға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев жолдау