Қазақстанның халық әртісі, "Парасат" орденінің иегері, сахна тарланы Сапар Өтемісұлы дүниеден озды.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өнер қайраткерінің отбасы мен туған-туыстарына, барша қазақстандықтарға қайғыра көңіл айтты.
"Сапар Өтемісұлы – алпыс жылдан астам уақыт бойы өнерге адал қызмет етіп, Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының өсіп-ілгерілеуі жолында тынбай тер төккен, ұлттық театр өнерінің шоқтығы биік тұлғаларының бірі. Ол жүздеген рөлдері арқылы қазақ сахнасының өрісін кеңейтіп, көрерменнің жүрегіне жол тапқан шынайы өнер иесі еді. Өмірін театрға арнап, ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан қайраткердің еңбегі ел жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!", – делінген министрліктің ресми хатында.