"Ұсталды" деген министр Мұрат Нұртілеу жұмыс орнында болып шықты

Бүгін, 14:36 / Ахмет Қанатұлы
СІМ

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

4 қыркүйекте Orda сайты құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сілтеме жасап, СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ҰҚК-ның жоғары лауазымды қызметкерлері ұсталды деп хабарлаған еді. Алайда көп ұзамай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл мәліметті жоққа шығарды.

Арада бір күн өткенде министр ел алдына шықты. Ол «Harvest Group» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы әрі халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі, "JENYS" дзюдо клубы қамқорлық кеңесінің төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында агро-индустриялық кластерді құру мәселесі талқыланды. Жобаның алғашқы кезеңінде Жетісу және Алматы облыстарындағы 150 мың гектар шалғайдағы және тыңайған жерлерді суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыру көзделіп отыр. Болашақта заманауи су үнемдеу жүйелерін енгізе отырып, жалпы 300 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Министр жобаны ілгерілетудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар, компанияның Қазақстанның бірқатар өңірлерінде туризм мен спорт салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Мұрат Нұртілеу бұл бастамалардың ішкі және кірме туризмді дамытуға, сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға жаңа серпін беретінін атап өтті.

Тэгтер:

СІМ Мұрат Нұртілеу