Футбол аңызы Лионель Месси өз туған топырағындағы соңғы ойынын өткізді

Бүгін, 12:30 / Ахмет Қанатұлы
globallookpress. Суретте: Лионель Месси

Бүгін, 5 қыркүйекте, жұлдызды футболшы Лионель Месси өз еліндегі соңғы ойынын өткізген болуы мүмкін, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Венесуэлаға қарсы кездесу Буэнос-Айрестегі стадионда өтіп, аргентиналықтардың сенімді жеңісімен аяқталды (3:0). "Интер Майами" шабуылшысы Месси ойынның басты қаһарманы атанып, дубль жасады. Месси ойынның 39 және 76-минуттарында гол соқты.

Бұл ойынды көпшілік Мессидің Аргентина жеріндегі қоштасу матчы ретінде қабылдады. Өйткені құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу циклін аяқтап келеді және ел ішінде ресми ойындар болмайды. Ал Лионель Месси мундиальдан кейін мансабын аяқтауы мүмкін.

Матч басталар алдында бүкіл стадион Аргентинаны соңғы әлем чемпионатында алтынға жеткізген ұлы футболшының атын ұрандады.

Баспасөз мәслихатында Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони:

"Меніңше, бұл Аргентинадағы соңғы матчы емес. Бірақ егер ол шынымен қоштасу ойыны қажет десе, біз міндетті түрде тағы бір матч өткіземіз. Бұл айқын нәрсе әрі оны лайықты сәтте жасау керек. Ол соған әбден лайық", – деді.

FIFA баспасөз қызметі кездесуден кейін Мессидің ұлттық құрамадағы көрсеткіштерін жариялады:

"193 матч. 114 гол. 58 нәтижелі пас. 10 хет-трик. Америка кубогы (2021, 2024). Әлем чемпионы (2022). Финалиссима (2022). Жастар арасындағы әлем чемпионаты (2005). Олимпиада чемпионы (Пекин, 2008)", – делінген мәлімдемеде.

Тэгтер:

футбол Лионель Месси Аргентина